Заңсыз жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта оралды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іске асыру нәтижесінде 917 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Бұл туралы Бас прокуратура органдары хабарлады.

Қазақстанда жасалған: ішкі өндіріс халықты жұмыспен қамтып, нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуде
Фото: Kazinform

Есепті кезеңде прокурорлық қадағалау және ден қоюдың 130 актісі енгізіліп, азаматтарға 1,8 млн теңгеден астам қаражат өтелді. Сондай-ақ жұмыста үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта орналастырылды.

Шетелге көшкен азаматтың зейнетақысы қалпына келтірілді

Конституциялық Соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы нормативтік қаулысында шетелде тұрудың өзі заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасына байланысты зейнетақы мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды тоқтатуға негіз бола алмайтыны түсіндірілген.

Осы ұстанымды іске асыру барысында Жетісу облысының прокуратурасы азаматтың зейнетақысы Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға көшкені үшін тоқтатылғанын анықтады. Прокурорлық ден қою шараларынан кейін оның құқықтары толық қалпына келтірілді.

бжзқ
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Бұдан бөлек, 18 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы осы нормативтік қаулыға негіз болған азаматтың талап қоюын қанағаттандырды.

Ата-аналарға 249 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды

Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы нормативтік қаулысында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне қатысты сот шешімдерін орындау кезінде жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мәселесі қарастырылған. Құқықтық ұстанымға сәйкес, сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға негізсіз қосымша шығындар жүктеуге жол берілмеуі керек.

Генеральная прокуратура, прокуроры
Фото: Бас прокуратура

Шымкент қаласының прокуратурасы осындай шығындардың ата-аналардан өндірілген фактілерін анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде үш азаматқа 249 750 теңге өтелді.

Осындай заң бұзушылықтар Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында да анықталды. Прокурордың наразылығынан кейін заңсыз қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Түсіндіру жұмыстары да жүргізілді

Прокуратура органдары Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын түсіндіру мақсатында өңірлерде 32 семинар, 131 кездесу, 48 дөңгелек үстел өткізіп, 183 дәріс оқыды. Сонымен қатар 46 ақпараттық хат жолданып, әлеуметтік желілерде 522 түсіндіру іс-шарасы өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында 116 материал жарияланды.

Бұған дейін Конституциялық Сот жер дауларына қатысты Жоғарғы Сот қаулысын тексеретінін жазғанбыз.