Заңсыз активті өз еркімен қайтарғандар неге қылмыстық жауапқа тартылмайды – Мәжіліс спикерінің жауабы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Заңсыз активті өз еркімен қайтарғандар неге қылмыстық жауапқа тартылмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттегі ең өзекті болып тұрған мәселе – кезінде жымқырылған дейміз бе, заңсыз шығарылған дейміз бе, сол клептократтың шығарған қыруар қаржысын елге қайтару. Ол қандай жолмен қайтарылады? Осы мәселе осы заңда қарастырылған. Бұл жерде мүмкін бұрынғы стандарттарға келмейтін тұстар да бар шығар. Себебі бұл жағдайдың өзі де стандартқа сай жағдай емес, шынын айтсақ. Сондықтан бұл заң, бірінші кезекте, нені реттейді? Біздің шетелге шығарып кеткен ірі клептократтардың қаржыларын елге қайтаруды реттейді. Біріншіден, осы заң бойынша реестр құрылады. Сол реестрде өзіңіз айтқан азаматтардың тізімі жасалады. Екіншіден, ол азаматтар ол қаржыны өз еркімен қайтарамыз дейтін болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бізде бүгін бірінші кезектегі мәселе – қаржыны қайтару», - деді Ерлан Қошанов.
Палата спикерінің пайымынша, мұндай шарт Конституцияға қайшы емес.
«Бұл – заңмен реттелетін мәселе. Қаржыны қайтару деген де оңай мәселе емес қой. Егер біз жаңағы өзіңіз айтқан қолданыстағы заңдар бойынша, стандартты жолдармен жүретін болсақ, өте ұзақ уақыт алады. Ондай ақшаны шығарған адамдар бай адамдар ғой. Олар әлемдік деңгейдегі ең мықты адвокаттарды жалдайды, соттасады. Шет мемлекеттердің алдында солардың заңдары бойынша дәлелдеуіміз керек. Сондықтан бұл өте ұзақ мерзім алатын процесс. Осы заң бойынша тиісті комиссия құрылады. Сол комиссияның жұмысына тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік органдардың бірінші басшылары ғана емес, азаматтық қоғамның да мүшелері кіреді. Сонымен қатар, депутаттар кіреді. Бұл да бір ашықтық деп есептеймін. Біз қандай жолмен болса да, сол қаржыны қайтару үшін әрекет жасап жатырмыз. Бұл заң ел игілігі үшін жұмыс істейтін заң болады деп ойлаймын», - деді Мәжіліс төрағасы.