Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 38 миллион теңгені құрайтын 110 мың дана контрафактілі өнім алынды
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың 9 айында заңсыз айналымнан жалпы сомасы 38 миллион теңгені құрайтын 110 мың дана контрафактілі өнім алынды.
Бұл туралы бүгін елордада өткен «ҚР-дағы зияткерлік меншік құқықты соттың қорғауы: соңғы тенденциялары және келешегі» атты халықаралық конференция барысында ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрайымы Лиза Стамбекова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, комитет контрафактілі өнімдердің таралу фактілерін анықтау және алдын алу бойынша іс-шараларды тұрақты өткізуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында зияткерлік меншік нысандарын пайдаланатын субъектілерге 660 тексеру жүргізілген. «Соның нәтижесінде 266 іс қозғалса, оның 249-ы әкімшілік құқықты бұзуға, ал 17-сі тауар белгісін заңсыз пайдалануға қатысты болып отыр. Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 38 миллион теңгені құрайтын 110 мың дана контрафактілі өнім алынды», - деді Л.Стамбекова.
Комитет төрайымының сөзіне қарағанда, контрафактілі өнімдерді таратуға қатысты 68 қылмыстық іс қозғалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге жуық көп. Сондай-ақ аталған өнімдерді шығаратын 20 жасырын цехтың жұмысы да әшкере болып отыр.