Заңсыз байығандар жауапқа тартылуы мүмкін - А. Лукин
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Елімізде заңсыз жолмен байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралуы мүмкін.
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды, стратегияларды жасау және іске асыру саласында тәжірибе алмасу» атты халықаралық семинарда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин осылай мәлімдеді.
Қаржы полициясы өкілінің айтуынша, Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялаған болатын. «Бұл Конвенцияда кез келген мемлекетке тән болатын халықаралық стандарттар қамтылған. Ал бұл стандарттарға сәйкес болу үшін үкіметтік емес ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен жұмыс жасап жатырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстанға қатысты белгілі бір мониторингілеу шаралары жүргізіліп, соған сәйкес сыбайлас тиісті ұсыныстар жасап тұрады. Атап өтсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша тиісті өзгерістер енгізу», - деді А. Лукин.
Оның сөзіне қарағанда, аталған ұсыныстар негізінен жекелеген мемлекеттік органдарға, Үкіметке жолданып, онда жемқорлық көріністерін төмендету, заңнамаларға белгілі бір ұғымдарды енгізу туралы айтылған. «Атап айтқанда, БҰҰ конвенциясында көрсетілгеніндей, Қазақстан заңсыз байығаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру керек. Бұдан бөлек, пара ұсынғаны және алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделуі шарт», - деді А. Лукин.
Оның айтуынша, БҰҰ конвенциясы аясында Қазақстанға 37 ұсыным жасалған. «Бұл мәселелердің барлығы қарастырылып жатыр, перспективалық жоспарларға да еніп отыр. Ондай ұсынымдардың барлығы дерлік орындалатын болады», - деді А. Лукин.