Заңсыз бекіре аулауға көмектескен шекарашы сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бекіре аулап заңсыз пайда тапқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Астана қаласындағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарылық әскери соты Атырау қаласының 4 тұрғынына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлады 24.kz.

Заңсыз бекіре аулауға көмектескен шекарашы сотталды

Олардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы әскери қызметшісі бар. Ол қылмыстық топ мүшелеріне белгілі патрульді катерлердің теңізге шығу жерлерін, уақытын, кестесін хабарлап отырған. Сол үшін белгілі бір сома мөлшерінде сыйақы алған.

Мұнымен қоса, бекіре өткізуге көмектескен. Бұл деректерді ескерген сот қызметін асыра пайдаланған әскери қызметкерді 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Қылмыстық топтың өзге мүшелері 7 және 5 жылға сотталды. Тергеу нәтижесінде мемлекетке келген шығын көлемі 3 млн теңге шамасында екені анықталды.

Баязид Дәрібаев, Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының судьясы: - Жазаның өтеу мерзімі 2015 жылдың 29 тамызынан бастап сотталғандардың алдын ала қамауда болған күннен бастап есептелсін. Қиматовқа қолданған бұлтартпау шарасы, қамауға алу өзгеріссіз қалдырылсын. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақты инспекциясының РММ азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылсын. Сотталған Шанбаев, Төлеу, Тлепеев, Қиматовтан мемлекет пайдасына ынтымақ тәртіппен 1 млн 488 мың 490 теңге өндірілсін.