Заңсыз қуылған медбике сот шешімімен жұмысқа қайта алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бұланды аудандық соты жұмысқа қайта алу және амалсыз бос жүрген уақыты үшін еңбекақыны өндіріп алу туралы Психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің бұрынғы бас медбикесінің талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Сот анықтағандай, азаматша И. 2016 жылдың 3 қаңтарынан бастап Психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде бас медбике қызметін атқарған. Жұмыс істеу кезеңінде ол тәртіптік жазаларға тартылған. 2015 жылдың 15 желтоқсанында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін оған ескерту жасалды. 2015 жылдың 28 қаңтарында тәртіптік жаза сөгіс түрінде, 2016 жылдың 20 қаңтарында гигиеналық заттарды дұрыс бермегені үшін қатаң сөгіс жарияланған. 2016 жылдың 2 маусымында медбике жұмыс беруші тарапынан жұмыстан шығарылды.
Сот медбике жасаған тәртіп бұзушылықтар елеулі еместігін, жүйелі түрде жасалмағанын және жұмыстан босатуға негіз бола алмайтынын анықтады.
Сот шешімімен жұмысқа қайта алу және амалсыз бос жүрген уақыты үшін еңбекақыны өндіріп алу туралы медициналық-әлеуметтік мекемесінің бұрынғы бас медбикесінің талап арызы қанағаттандырылды. Азаматша И-дің медициналық-әлеуметтік мекемесінің директорымен жасалған еңбек шартының бұзылу туралы бұйрығының күші жойылды. Азаматша И. жұмысқа қайта алынды. Сонымен қатар, сот жұмыс берушіден азаматша И-дің пайдасына амалсыз бос жүрген уақыты үшін еңбекақыны өндіріп алды.
Сот шешімімен азаматша И-ді жұмысқа қайта алу және еңбекақыны өндіріп алу туралы бөлігінде дереу орындалуы тиіс.