Заңсыз қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушілерінің жұмысын тоқтату жоспары әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әуежайында сәуірден бастап ресми такси жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінен хабарланды.

Заңсыз қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушілерінің жұмысын тоқтату жоспары  әзірленді

«Мұндай шешім Азаматтық авиация комитеті, әуежай және Астана қаласының әкімдігі, сондай-ақ Көліктегі ішкі істер департаменті өкілдерінің қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды. Аталған комитет төрағасы Бекен Сейдахметов осы міндеттерді іске асыру мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі астаналық әуежайдағы заңсыз қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушілерінің жұмысын тоқтату жоспарын әзірлегендігін атап өтті»,-делінген ведомство мәліметінде.

Атап айтқанда, жоспар бойынша такси жүргізушілердің заңсыз қызмет көрсетуін тыюға бағытталған қосымша шаралар ескерілген. Ол үшін сырттан келіп жатқан жолаушыларды тасымалдайтын таксомотор паркін конкурстық негізде белгілейді.

«Біз жолаушының қауіпсіздігін ең басты орынға қоюдамыз. Яғни, оның қауіпсіздігінің алдын алу мен қауіп-қатерден сақтандыру, таксомоторлық қызмет сапасын қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз. Астыртын тасымалдаушылардың қызмет көрсетуінен астаналық әуежайдың, қаланың кіреберісіндегі басты айнасы ретіндегі имиджі нашарлайды. Астаналық және басқа әуежайлардағы мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды», - деп атап көрсетті Бекен Сейдахметов.

Белгілі болғандай, ресми таксидің қызметі жөнінде авиажолаушы ұшу кезінде-ақ хабардар етіледі. Тіптен әуежай ғимаратында қаланың сызбасы, аудандар және соңғы нүктеге дейін жетудің бірыңғай құны жайында қысқа ақпарат орналасқан баннерлер қойылады.