Заңсыз ойын бизнесін ашқан қостанайлық сотталуы мүмкін
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында заңсыз ойын бизнесін ашқан 27 жастағы жігітке қатысты сот отырысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай қаласының №2 сотына ҚР ҚК 307-бабы 2-бөлігі, 2-тармағы бойынша (ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру) айыпталған 1990 жылы туған облыс тұрғыны К.-ге қатысты қылмыстық іс түсті.
Іс материалдарына сүйенсек, К. 2016 жылдың тамызынан желтоқсан айы аралығында Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңына қайшы әрекетке барып, КСК шағын ауданында ойын бизнесін ұйымдастырған. Оның бұл іске жалғыз бармағаны белгілі болып отыр. Ол шағын аудандағы екі орынды лотерея ойыны ретінде ашқанын айтады. Тергеу ісі 27 жастағы тұрғынның алдын ала келісу арқылы белгісіз бір топпен жұмыс істегенін анықтады.
Негізгі сот отырысы 18 қазанда сағат 15-00-де болады.