Заңсыз ойынхана ашқандар жазаларын алды ? қаржы полициясы

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің аймағында заңсыз ойынхана ұйымдастырған көптеген азамат бас бостандықтарынан айырылды.

 Заңсыз ойынхана ашқандар жазаларын алды ? қаржы полициясы
Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай баяндады деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласында Николай Нам деген азамат 5,5 миллион теңге айыппұл төлеп, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол қаладағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының аумағында «Мулен Руж» кешенінде жасырын ойынхана ашқан. Оны тексеру барысында құны әртүрлі 1 мың 400 дана фишкалар табылды. Ойынхананың табысы 3 миллионнан астам теңгені құрап отыр. «Тәркіленген қаржы мемлекет иелігіне берілді», - дейді ресми өкіл. Сондай-ақ оның деректері бойынша, Алматыдағы «Кристина» мейрамханасының ғимаратында заңсыз казино ұйымдастырған Айдос Ақыпбеков 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Тексеру барысында оның ойынханасынан 7 ойын үстелі мен 3 американдық рулетка табылған. «Казиноның тек ұсталған күнгі кірісінің өзі 2 миллион 400 мың теңгені құрады. Бұл қаржы да мемлекетке берілді. Ал ағымдағы жылдың ақпан айының 6-сы күні жедел-іздестіру шаралары барысында жасырын ойынхана ұйымдастырған Н.атты азамат ұсталып, оның казиносынан тексеру кезінде 3,5 миллион теңге мен 24 мың 760 АҚШ доллары табылды. Заңсыз ойынхана ұйымдастырған азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде», - деді М.Жұманбай.