Заңсыз шығарылған активтерді қайтару заңы Назарбаевтың отбасы мүшелеріне қолданыла ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің шетелдегі мүлкін іздеу мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңда («Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы») субъектілерге қатысты өлшемшарт нақты айқындалған. Егер сіз атаған фамилия, бұл отбасының мүшелері осы өлшемшарттарға кіретін болса, онда міндетті түрде заң талаптары оларға қатысты қолданылады», - деді Ұлан Байжанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды мақұлдады.

Заңда активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген.

Заңның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз иемделген активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат аясында активтерді шығару саласындағы құқық бұзу деректерін анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, активтерді қайтару жөніндегі халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау ескерілген.

Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады.

Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтаруы тиіс адамдардың тізімі қыркүйек айында белгілі болады.


Соңғы жаңалықтар