13:54, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдарға қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап, оны Мәжіліске қайтарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш құжат заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің құқықтық тетігін жасауға бағытталған. Заң жобасында қаржы ұйымдары мен құнды қағаздар нарығының қатысушылары, нотариустар мен адвокаттар сияқты қаржы мониторингін жүргізуге жататын нысандар көрсетілген. Сондай-ақ заңсыз табылған қаржыны заңдастыруға және оны лаңкестік мақсаттарға жұмсалу әрекеттерінің нышаны байқалған жағдайда оған тиісті шара қолдана алатын арнайы органның құзырына байланысты мәселелер қарастырылған. Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар заң жобасындағы қаржы мониторингіне жататын органдардың ішінде аудиторлық ұйымдарды қалдырып, аудиторлардың өздерін алып тастауды ұсынды. Сенаторлар тарапынан құжатқа қаржы мониторингін жүргізетін құзырлы органға өзге елдердің қаржылық бақылау органдарымен арнайы келісімдерсіз-ақ ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін арнайы бап енгізілді. Бұған қоса мониторинг жүргізетін органға тек мониторинг жүргізуге жататын және мемлекеттік органдардан ғана ақпарат алуға болатындығын көрсету қажет болды. Осыған орай депутаттар заң жобасын Мәжілістің қарауына қайтару қажет деп шешті.