Заңсыз жұмыс істеген жасырын казиноның жұмысы тоқтатылды

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және арнайы жасақ қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына қайшы келетін жасырын «казиноның» жұмысы тоқтатылды.

Заңсыз жұмыс істеген жасырын казиноның жұмысы тоқтатылды

Казино негізінен картаның «Покер» ойыны бойынша жұмыс істеген. Бұл туралы Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жедел шара барысында заңға қайшы жұмыс істеп келген жасырын казино ғимаратынан 20 карта ойнаушы ұсталды. Сондай-ақ, казинода крупье болып жұмыс істейтін 3 қыздың бірінен заңсыз ойыннан түскен ақша және карта мен покердің фишкалары алынды. Сонымен қатар, казиноны ұйымдастырушы да анықталды, ол қала тұрғыны болып шықты. Осыған орай, құмар ойындарға қатысқаны үшін ұсталғандарға қатысты әкімшілік іс қозғалды», - делінген баспасөз айғағында. Сонымен қатар, заңсыз казино иесі ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңнамасымен белгіленген жерлерден тыс құмар ойындарды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.