Zara компаниясы қазақстандық кәсіпкерді сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM – Zara және OYSHO сауда белгілерінің иесі өнімдерін заңсыз пайдаланғаны үшін қазақстандық кәсіпкерді сотқа берді. Кәсіпкер өз бутигінде осы брендтердің киімдерін сатқан.
ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, кәсіпкер бұл заттарды бейтаныс сатушыдан қолма-қол ақшаға төмен бағада сатып алғанын мойындады. Содан кейін ол өз бутигінде өнімдерді сатқан және оны интернет арқылы желіде жарнамалаған.
Кәсіпкер танымал брендтердің тауарын сатуға лицензия қажет екенін білмейтінін айтты. Компанияның өкілдері мен Әділет департаментінің қызметкерлері бутиктен тауар белгісімен заңсыз таңбаланған, яғни құны 2 млн теңгеден асатын 117 тауарды тәркіледі.
Сот кәсіпкерді тауар белгісі бойынша талаптарды бұзғаны үшін кінәлі деп танып, оған 2 млн теңгеден астам өтемақы төлетуге міндеттеді. Сондай-ақ оған әлеуметтік желілердегі барлық жарнаманы алып тастауға нұсқау берілді, себебі бұл әрекет те заң талаптарын бұзу деп танылады.