Зарина Әбдиеваға «Достастық жауынгері» атағы берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 78639 әскери бөлімінің базасында ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштеріне қарасты әскери бөлімдердің келісімшарт бойынша әскери қызметшілері арасында "Достастық жауынгері» атты әскери-кәсіби шеберлік сайысының қорытындысын шығарды.
Атап айтсақ, жарысқа барлығы 30 әскери қызметші қатысты. Бірінші кезеңде олар спорттық пәндерден, оқ ату даярлығы мен кәсіби шеберліктен сайысқа түсті. Ал екінші кезеңде әскери тарих, құқықтану және шығармашылық (эстрада әндерін айту, би билеу) ауқымында өздерінің білім деңгейлерін көрсетті.
Бұл байқауда Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшылығына қарасты 657-ші қамтамасыз ету комендатурасының әскери қызметшісі кіші сержант Зарина Әбдиеваға қазылар алқасының шешімімен бірінші орын берілді. Сондай-ақ ол байқаудағы жеңісі үшін мерзімінен бұрын «сержант» кезекті әскери атағына ұсынылды.
«Мені қолдаған адамдарға алғысымды білдіремін. Қатты уайымдағаным соншалық, нәтижесі осындай болады деп ойламаппын», - дейді жеңімпаз қыз.
Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.