Зарина Дияс әлемдік рейтингіде бірден 109 орынға жоғары көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті. Қазақстандықтардан рейтингіде ерекше нәтиже көрсеткен Зарина Дияс болды.
Кеше Түркиядағы Кайсери турнирінің чемпионы атанған Зарина 488-ден бірден 109 сатыға жоғарылап, 379-орынға орнықты. Өзінің спорттық жолындағы үздік көрсеткішіне (31) әлі алыс болғанымен, қазақстандық теннисші рейтингіде көтеріліп келеді.
«Бұл жеңіс мен үшін маңызды. Екі жылдық үзілістен кейін қайта оралып, алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Қолдау көрсеткен барлық жанкүйерге рахмет», - деп жазды Зарина Дияс Түркияда үздік шыққаннан кейін Инстаграмдағы парақшасында.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 5-орында қалса, Юлия Путинцева 32-ден 29-ға ауысып, қайтадан ТОП-30-ға кірді.
Беларусь өкілі Арина Соболенко поляк қызы Ига Швентекті ығыстырып, әлемдік рейтингіде көш бастады. Америкалық Кори Гауфф үздік үштікте тұр.
Жұптық сында чехиялық Катержина Синякова, жаңазеландиялық Эрин Рутлифф және украиналық Людмила Киченок алда келеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 22-ден 23-ке сырғыса, Юлия Путинцева 111-ден 110-ға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың камбэк жасап, Түркиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.