Зарина Дияс әлемнің 28-інші ракеткасын ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық Зарина Дияс әлемнің 28-інші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуайды ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Myscore.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, дүниежүзілік рейтингте 100-інші орында тұрған Зарина Дияс 1 сағат 11 минутқа созылған матчта қарсыласын 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Бұл турнирде тағы бір қазақстандық, рейтингте 52-інші сатыда тұрған Юлия Путинцева екінші айналымда қытайлық, әлемнің 136-ыншы ракеткасы Хань Син-Юньмен күш сынасты. Бірінші партияда Ю.Путинцева 6:2 есебімен басым түсті. Екінші партияда есеп 2:0 болғаннан кейін қытайлық теннисші кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, ширек финалда қос қазақстандық теннисші Ю. Путинцева мен З. Дияс өзара шеберлік байқасатын болады.
Еске сала кетейік, Токио турнирінің жүлде қоры 226 750 АҚШ долларын құрайды.