Зарина Дияс Чарльстон турнирінде жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс бүгін Чарльстон турнирінің алғашқы айналымында америкалық Кристина Махкейлмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 86-орында тұрғанына қарамастан, ұрымтал тұстарда сәтті ойнаған К.Махкейл бірінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Корт иесі екінші партияда қарқынын одан сайын үдетіп, 5:1 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Зарина өз геймін алғанымен, Кристина өз басымдылығын сақтап қалды. Сөйтіп бұл партияны да 6:2 есебімен ұтты.
Осылайша 1 сағат 35 минутқа созылған матчта есе жіберген Зарина жүлде қоры 800 мың АҚШ долларын құрайтын Чарльстон турнирінің бірінші айналымынан аса алмады.
Еске сала кетейік, қазақстандық теннисшінің Майами турнирінің төртінші айналымына дейін жетіп, дүниежүзілік рейтингте 48-орынға көтерілгенін бұдан бұрын жазған болатынбыз.