Зарина Дияс Цинциннати турнирінің іріктеу финалына өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ теннисшісі Зарина Дияс Western & Southern Open Cincinnati турнирі іріктеу сынының финалына шықты. Ол АҚШ теннисшісі, әлемнің 113-ракеткасы Шелби Роджерсті 6/1, 6/4 есебімен жеңді, деп хабарлады 24.kz.

Зарина Дияс Цинциннати турнирінің іріктеу финалына өтті

Зарина аталған турнирдің негізгі сеткасына шығу үшін румын спортшысы Моника Никулескуге қарсы ойнайды. Екі теннисші 2010 жылы Tashkent Open турнирінің 1-айналымында кездесіп, қазақ қызы 3/6, 7(2)/6, 2/6 есебімен ұтылған. Сонымен қатар, Western & Southern Open Cincinnati турнирі іріктеу сынында қазақстандық Ярослава Шведова мен Юлия Путинцева ойнаған болатын. Алайда Ярослава Шведова АҚШ теннисшісі, әлемнің 142-ракеткасы Николь Гиббстен (Nicole Gibbs) 6/7(2), 3/6 есебімен, ал Юлия Путинцева неміс спортшысы Мона Бартельден (Mona Barthel) 4/6, 2/6 есебімен жеңілді.

Сондай-ақ Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Михаил Кукушкин жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын Aptos Challenger турнирінің финалына шықты. Ол жартылай финалда АҚШ спортшысы Райан Уильямсті 6/2, 6/2 есебімен ұтты. Ақтық сындағы қарсыласы жапон Го Соеда мен кипрлық Маркос Багдатис кездесуінен кейін анықталады.