Зарина Дияс Тайбэй турнирінің ширек финалына өте алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Тайбэй турнирінде румыниялық Моника Никулескумен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл 25 жасқа толатын Зарина осы дүйсенбіде жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 57-інші орынға көтерілсе, 30 жасар тәжірибелі Моника 99-ыншы сатыда келеді. Соған қарамастан, бірінші партия румыниялық теннисшінің айқын басымдылығымен өтіп, Зарина бірде-бір геймді ала алмай, 0:6 есебімен жеңіліс тапты.
Екінші партияда қайратына мініп, ойын тізгінін қолға алған З.Дияс өз геймдерін алумен бірге екі мәрте брейк жасап, есепті 5:1-ге жеткізді. Бұдан кейін өзі доп берген геймді ұту қиын болған жоқ. Сөйтіп 6:1 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияны бірден брейкпен бастаған Зарина өз геймін де бермей, 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін румыниялық спортшы таразы басын теңестіре алды. Қазақ қызы қайта брейк жасағанымен, Моника да қарап қалмады. Ақыры 2 сағат 2 минутқа созылған матчта Никулеску үшінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Жалпы, соңғы кезде Заринаның Румыния елінің өкілдерімен кездесуінде жолы болмай жүр. Бұдан бұрын ол Австралия ашық біріншілігінің алғашқы айналымында Сорана Кырстядан ұтылып қалған болатын.
Айта кетейік, Тайбэй турнирінде (жүлде қоры - 226750 АҚШ доллары) Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-інші ракеткасы Юлия Путинцева бүгін дүниежүзілік рейтингте 273-інші орында тұрған Тайбэй елінің өкілі Чжан Кайчжэньмен кортқа шығады.