Зарина Диястың Уимблдонға неге қатыспағаны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Диястың Уимблдон турниріне неге қатыспағаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы теннисшінің өзі Инстраграмдағы парақшасында жазды.
«Өкінішке қарай, тізе жарақатына байланысты өзім жақсы көретін Уимблдон турниріне қатыса алмадым. Уимблдонға дейін жарақатымнан толық айығамын ба деп ойлап едім, әйтсе де оған көбірек уақыт керек екен. Қазір өзімді біршама жақсы сезінемін, хард маусымы басталуын тағатсыздана күтемін. Бәріңізге мені қолдап, сенім білдіргендеріңіз үшін рахмет!» деді Зарина Дияс.
Қазіргі кезде рейтингте 54-інші сатыда тұрған З.Дияс биылғы Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 25-інші ракеткасы, австралиялық Дарья Гавриловамен кездесуі керек еді. Бірақ, өзі мәлімдеп отырғанындай, оған биылғы Ноттингем турнирінде алған жарақаты мүмкіндік бермеді.
Заринаның сүйікті әрі табысты өнер көрсетіп жүрген жарысы Уимблдон турнирі екендігі анық. Ол бұған дейін Уимблдонның 2014 және 2015 жылдары төртінші, өткен жылы үшінші айналымына дейін жеткен болатын.
Осыдан кейін хард турнирлері, сосын тамыз айының аяғына таман «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы - US Open жарысы басталады. Зарина Диясқа осы сайыстарда сәттілік серік болса, рейтингісін жақсартары анық.
Еске сала кетейік, Уимблдон турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Юлия Путинцева бүгін екінші айналымда рейтингте 14-інші орында тұрған ресейлік Дарья Касаткинамен ойнайды. Ал ерлер арасында Михаил Кукушкин әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надалмен кездеседі.