Зауыт қажетті мамандарды даярлау үшін оқу орталығын ашты - СҚО

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі зауыттардың бірі өзіне қажетті және инвесторлардың талабынан шығатын білікті мамандарды даярлау үшін оқу орталығын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зауыт қажетті мамандарды даярлау үшін оқу орталығын ашты - СҚО

Петропавлдағы ауыр машина зауыты жанынан ашылған оқу орталығының тиімді тұстары көп. Ең басты стратегиялық мақсаты – кәсіпорынды заманауи қондырғыларда жұмыс істей алатын білікті мамандармен қамтамасыз ету.

«Екі бағытта жұмыс істейміз. Оның алғашқысы – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлген қаражатқа жұмыссыз жүргендерді оқыту. Бұдан басқа осы мемлекеттік бағдарлама бойынша зауыттың жұмысшыларын шектес мамандықтарға оқытып шығарамыз», - дейді оқу орталығының бастығы Татьяна Чепухина.

Оқу орталығында қазір Петропавл қаласы және Қызылжар ауданы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен 30 шақты адам электргаздәнекерлеуші және бағдарламамен басқарылатын білдектердің операторы мамандығына оқып жатыр. Бұдан басқа жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тағы 11 адамды металл сырлаушы мамандығына оқыту үшін қаражат бөлген. Зауыт өз жұмысшыларының арасынан 17 адамға біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.

«Біздің орталықта оқытылатын барлық мамандықтар үшін арнайы оқу бағдарламасы жасалды. Тыңдаушыларымыздың білімдерін бақылап-бағалауға мүмкіндік беретін материалдар әзірленді. Оларға дәріс оқитын ұстаздарды сырттан шақырдық. Курстан өтушілерге зауыттың білікті де тәжірибелі жұмысшыларынан 15 тәлімгер бекітілді. Сондай-ақ оларды қажетті арнайы формамен де қамтыдық», - дейді Татьяна Чепухина.

Жақында оқу орталығының бір топ курсантына салтанатты жағдайда куәлік табыс етілді. Олар емтихандардан сүрінбей өтіп, бағдарламамен басқарылатын білдектің операторы мамандығын алып шықты. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қысқа мерзімді курстан өткен тағы 40 шақты адам еңбек нарығында сұранысқа ие – электргаздәнекерлеуші, металл сырлаушысы мамандықтарын меңгергендігі бойынша куәлік алады.