Зайсанда көпбалалы отбасыларға берілген үйлердің төбесінен су ағып тұр
Бес баланың анасы Сағыныш Солтанбекқызының отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған бұл үйге 2021 жылдың желтоқсан айында кірген. Оның айтуынша, әуелде үйдің ешқандай міні жоқтай көрінді. Алайда уақыт өткен сайын түрлі кемшіліктер біліне бастаған.
«Іші-сырты жылтыраған бұл үйге кіргенде мәз болдық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Ақырындап қабырғалары көгере бастады. Содан соң ақпан айында күн жылынғанда төбеден су ақты. Кіреберістегі люстра бекітілген жерден су сорғалады. Қайта-қайта суды тегешке толтырып, тасып жүруге мәжбүр болдық. Үйдің төбесі тым жұқа салынған. Желдің гуілі де естіледі», - дейді ол.
Көпбалалы ана төбеден су ағып жатқанын видеоға түсіріп, үйді салған мердігер компанияның қызметкерлеріне жіберген. Олар үйге келіп, су аққан жерге пена құйған. Алайда осымен мәселе шешілмеді.
«Қайтадан су аққанда мердігерге қоңырау шалып едім, «Күн жылынғанда жөндеп береміз» деді. Сөйтіп, күн де жылынды. Сол кезде «Өзіңіз жөндейтін адам тауып, бағасын келісіңіз. Шығынды толықтай өзіміз көтереміз» деді. Көп ұзамай құрылыспен айналысатын азаматтарды тауып, 200 мыңға келістім. Алайда мердігер компания сөзінде тұрмай, ақшаны бермеді. Жаздың ортасында екінші жерден су ақты. Дәл электр тоғының тұсынан. Соның салдарынан су аққанда тоқ жарқылдап кетеді. Үйде балалар болғандықтан қорқамыз», - дейді Сағыныш Солтанбекқызы.
Әлі күнге дейін жаңбыр жауған сайын тегешпен су шығарып әуре-сарсаңға түсіп жүргенін айтқан әйел мердігер компанияның қызметкерлері қазір мүлде телефондарын алмайтынына шағымданды.
«3 бөлмелі бұл үй бізге жалға берілген. Ай сайын 17 500 теңге пәтер ақысын төлейміз. Тек біздің емес, тағы 5 үйдің төбесінен су ағады. Үкіметтің көпбалалы отбасыларды қолдап жатқанына ризамыз. Бірақ үй сапалы болуы керек қой. Егер үндемей отыра берсек, жауапсыздық одан сайын күшейіп, басқа отбасыларға бұдан да нашар үйлер берілуі мүмкін», - дейді көпбалалы ана.
Осындай тағы бір үйдің тұрғыны Әсем Кудеринованың айтуынша, үйлердің құрылысы дұрыс аяқталмаған. Көктемде еріген қар суы үйдің төбесінен сорғалап, мазасын қашырған.
«Мердігерге шағымымызды талай айттық. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Үйдің төбесі тым жұқа. Іші дымқылданып, жаңадан сатып алған жиһаздарым түгелдей көгеріп кетті. Тіпті есік-терезелері де дұрыс жабылмайды», - дейді ол.
Тұрғындар жарық бағаналары орнатылғанымен әлі күнге дейін шамдардың жанбайтынын да тілге тиек етті. Күн батқанда оқушылар мектептен қорқып қайтады екен.
Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, үйлердің сапасына тексеру жүргізілген. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен барлығы екіпәтерлі 31 жер үй салынған.
«Бұл үйлер жеке инвесторлар есебінен салынып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне сатып алынған. Қоспәтерлі тұрғын үйлер кезекте тұрған көпбалалы аналарға 2021 жылдың желтоқсан айында жалға берілген. Үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлер «Келгенбаев Тимур» ЖК , «Ажықанов Айдын» ЖК қатысты Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған аумақтық экономикалық сотына талап-арыз жолданды», - делінген ресми хабарламада.