Зайсанда заңсыз аңшылыққа қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында заңсыз аңшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 10 адам ұсталды. Олардың тоғызы — шетел азаматы. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Кеше «Охотзоопром» кәсіпорнының қызметкерлері мессенджерлерде заңсыз аңшылық белгілері болуы мүмкін бейнежазбаларды анықтаған.

— Бейнежазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанды. «Охотзоопром» қызметкерлері жедел түрде қосымша ақпарат жинап, аталған көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтады. Алынған мәліметтер табиғат қорғау полициясына берілді, — деп хабарлады комитеттен.

Сол күні сағат 22:10 шамасында Зайсан қаласында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаларға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.

Тексеру жүргізу үшін 9 шетел азаматы мен 1 Қазақстан азаматы ұсталған. 

28 қазанда аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді.

Қазіргі уақытта аталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Құзыретті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізбек.

Еске сала кетейік, елімізде күзгі-қысқы аңшылық маусымы басталды. Енді қару асынып, тұмса табиғатқа шығатындар көбейеді. Алайда аң аулаудың да өз тәртібі мен талабы бар. Ендеше, аңшылыққа кімдер шыға алады, қандай ережелерді білуі керек? Агенттік тілшісінің зерттеу мақаласынан оқыңыз.