Зеленов ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуға 135 млн теңге бөлінді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 135,137 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Зеленов ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуға 135 млн теңге бөлінді - БҚО

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Виктор Баштавенконың айтуынша, қазіргі таңда осы қаржыға тиісті жұмыстар атқарылуда. 2017 жылы барлығы 1368 адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту көзделсе, жеті айдың өзінде бұл меже 86 пайызға (1 172 адам) орындалып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып немесе қайта құрылып жатқан нысандарда 132 адам (жоспар - 145) жұмысқа орналасса, соның 46-сы тұрақты орнын тапты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 39-дың орнына 44, жастар тәжірибесіне 29 адам (42) жіберілді. 298 адам (348) қоғамдық жұмыспен қамтылды. Сол секілді 337 адам (377) кәсіби біліктілігін көтерді. Олардың арасында кәсіпкерлік негіздерін оқып-тоқығандар да бар. Жоспардағы 20-ның орнына 31 адамның шағын несие алуы да тұрғындардың кәсіпкерлікке жаппай бет бұра бастағандығын көрсетеді. Оған қоса мемлекеттік қолдау шараларынсыз кәсіпорын-ұйымдарда бос жұмыс орындары арқылы 348 адам орналасты.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Галина Жучкованың сөзіне қарағанда, ауданда барлығы 58 987 адам мекендесе, соның 33 103-і немесе 56,1 пайызы - экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындар. Әр салада 31 199 адам еңбек етсе, соның 6 823-і - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл - экономикалық белсенді халықтың 20 пайызы. Жұмыссыздар - 1 904 адам (5,7 пайыз), аз қамтылғандар - 3 952 адам (7,0 пайыз). Жыл басынан бері 1 541 адам жұмысқа орналасу жөнінде өтініш жасаған. Жеті айда 743 жаңа жұмыс орны ашылды.

Халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік жағынан басқалай да қолдау шаралары алынуда. Мысалы, құрамында 152 адам бар 36 отбасына 4 303,4 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек берілді. 407 отбасыға (1 039 бала) 12 698,8 мың теңге көлемінде балалар жәрдемақысы төленді.