Зеленский Аляскадағы келіссөздердің басты тақырыбы атысты тоқтату болады деп үміттенеді

АСТАНА. KAZINFORM – Владимир Зеленский Владимир Путин мен Дональд Трамптың Аляскадағы келіссөздерінің басты тақырыбы атысты тоқтату болады деп үміт білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Зеленский Аляскадағы келіссөздердің басты тақырыбы атысты тоқтату болады деп үміттенеді
Фото: Anadolu Ajansi

Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Еуропа елдерінің басшылары қатысқан бейнеконференция аяқталды. Онда Украина аумақтарына қатысты мәселелер талқыланды.

— Біз бүгін осы мәселелерді де талқыладық. Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Біз Аляскадағы кездесуді айттық. Келіссөздердің басты тармағы атысты тоқтату болады деп үміттенеміз, — деді ол Германия канцлері Фридрих Мерцпен бірлескен баспасөз мәслихатында.

DW дерегінше, бейнеконференция барысында еуропалық көшбасшылар АҚШ президенті Дональд Трампты Владимир Путинмен кездесуде Киев пен Еуропаның қауіпсіздік мүдделерін қорғауға шақырды.

— Өзгерістерге үміт бар, Украинада бейбітшілікке үміт бар, — деп атап өтті Германия канцлері Фридрих Мерц.

Сонымен бірге, Германия канцлері ықтимал келіссөздердің нақты ретін талап етті: алдымен атысты тоқтату режимі жасалуы тиіс, ал кейінгі кездесулерде Киев келіссөздер үстелінде отыруы қажет.

— АҚШ президенті Дональд Трамп енді Украинадағы бейбітшілік жөнінде келіссөздерді бастағысы келеді. Жұма күні ол Ресей президенті Путинмен Аляскада кездеседі. Анкориджде маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін, — деп қосты Мерц Владимир Зеленскиймен Берлиндегі бірлескен баспасөз мәслихатында.

Онлайн-кездесудің қорытындысы жайлы Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен де пікір білдірді.

— Бүгін біз АҚШ президенті Дональд Трамппен, еуропалық көшбасшылармен және Владимир Зеленскиймен өте жақсы әңгіме өткіздік. Біз Аляскадағы алдағы екіжақты саммит туралы пікір алмастық. Ынтымақтастықты үйлестіруді жалғастыруға келістік, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде. 

Айта кетелік Путин мен Трамп Анкоридждегі әскери базада кездеседі