Зеленский бітім туралы: Украина Ресейдің әрекетіне айна-қатесіз жауап береді
КИЕВ. KAZINFORM – Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тарапынан соғыс қимылдарын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, Украина да дәл сондай әрекет ететінін мәлімдеді, деп жазды Анадолы.

Оның айтуынша: «Тыныштыққа – тыныштықпен, шабуылға – қорғаныспен жауап беріледі».
– Егер Ресей шынымен де толық әрі сөзсіз тыныштық орнатуға дайын болса, Украина да дәл солай әрекет етеді. Егер тыныштық шын мәнінде орнаса, біз оны Пасха күні аяқталған соң да ұзартуды ұсынамыз, – деп жазды Зеленский Telegram парақшасына.
Ол бұған дейін соғысты 30 күнге толық тоқтату туралы ұсыныс жасалғанын, бұл бастаманы АҚШ көтергенін, Украина оны қолдағанын, алайда Ресей осы уақытқа дейін – 39 күн бойы бұл ұсынысқа жауап бермей отырғанын атап өтті.
Зеленскийдің айтуынша, бұл жағдай Ресейдің шынайы ниетін көрсетеді.
– 30 сағат – тек тақырып үшін, ал 30 күн – сенім орнатуға мүмкіндік, – деді ол.
Бірақ Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысының мәліметіне сүйенсек, фронттың кейбір бағыттарында Ресей тарапынан шабуылдар мен артиллериялық соққылар жалғасып жатыр. Сондықтан Зеленский Мәскеудің сөзіне сенім жоқ екенін айтты:
– Біз Мәскеудің қалай манипуляция жасайтынын жақсы білеміз, сондықтан барлық жағдайға дайынбыз. Украина қорғаныс күштері ақылмен және айна-қатесіз жауап береді. Әрбір ресейлік соққыға лайықты жауап беріледі, – деді Украина президенті.
Бұған дейін хабарланғандай, Владимир Путин Пасха мейрамына байланысты уақытша бітімге келетінін мәлімдеді.