«Зенит-М» старттық кешені 2015 жылы Қазақстанның меншігіне өтеді - Т. Мұсабаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Зенит-М» старттық кешенінің нысандары 2015 жылы Қазақстанның меншігіне өтеді.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының ғарыш саласын құру барысы» атты тақырыптағы Үкімет сағатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда «Зенит-М» зымырандық кешеніндегі Ресейге жалға беруден шығарылатын нысандардың тізімі бекітілді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы тарапынан «Бәйтерек» кешенін қазақстандық ұйымға берудің нормативтік-техникалық және ұйымдастырушылық құжаттары да әзірленген. «Зенит-М» старттық кешені нысандарын Ресей Федерациясына жалға беру құрамынан шығару және оны Қазақстан тарапына беру 2015 жылдың қаңтарына жоспарланып отыр», - деді Т. Мұсабаев.
Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың желтоқсан айында қазақстандық ұйымның 49 қызметкерін «Зенит» кешені жүйесі мен агрегаттарының құрамы мен оны пайдалану ерекшеліктеріне қатысты оқыту жұмыстары аяқталады. Бұл аталған кешенді жалға беруден шығару барысында тиісті жағдайда қабылдап алу мен оны одан әрі пайдалану үшін аса маңызды қадам болып табылады.