«Зерде» холдингі бюджет қаражатын тиімсіз әрі ұтымсыз пайдаланған - Есеп комитеті

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-ға серпінді жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру қажет деп атап көрсетті.

 «Зерде» холдингі бюджет қаражатын тиімсіз әрі ұтымсыз пайдаланған - Есеп комитеті

 Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекеттік холдинг республикалық бюджеттің қаржысын тиімсіз әрі ұтымсыз пайдаланған. Серпінді жобаларды іске асыруға бөлінген қаржы ресурстары көбінесе екінші деңгейлі банктердің депозиттік шоттарына орналастырылған. Бюджеттің 508,4 млн. теңге қаржысы «Kazsatnet» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға бағытталған. Осы ретте «Kazsatnet» АҚ күтілген нәтижелерге қол жеткізбеген, спутниктік бөлік, жер үсті байланыс арналары арқылы ақпарат тарату және қорғау жүйесі құрылмаған», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сонымен бірге, Есеп комитетінің бақылауы барысында уақытша бос қаражатқа иелік ету тәртібі талаптарының бұзылып отырғаны анықталған. Мысалы, «Kazsatnet» АҚ және «Қазконтент» АҚ 4 млрд. теңге шамасындағы уақытша бос қаражатты орналастыру кезінде екінші деңгейлі банктердің қажетті мөлшерін және 30 пайыздық орналастыру лимиті сақталмаған.

Бұдан басқа, акцияларының пакеті мемлекеттік холдингке берілген заңды тұлғаларды тиімді басқару ұйымдастырылмай отыр. Мәселен,  қаржы-шаруашылық қызметтерінің қорытындысы бойынша «Kazsatnet» АҚ және «Ұлттық процессинг орталығы» АҚ өзін-өзі ақтамаған. «Қазконтент» АҚ мен «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ да дәл осындай теріс нәтижемен 2009 жылды аяқтайды деп күтілсе, «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-ның кірісі азайған.

Бұдан бөлек Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, 2008-2009 жылдары мемлекеттік холдинг серпінді инфокоммуникациялық жобаларды іске асыруға ықпал жасамаған әрі жаңа технологияларды енгізуді қамтамасыз етпеген. Холдингтің негізгі қызметі еншілес және тәуелді ұйымдарға консалтингтік қызметтер көрсетуге байланысты болып келеді, бірақ осы ұйымдар инфокоммуникациялық саланың бәсекеге қабілеттілігін және экономикалық тиімділігін арттыруға еш ықпал жасамаған.  

«Есеп комитеті Үкіметке «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-ға серпінді жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауға ұсыныс берді. Мемлекеттік органдарда және ұйымдарда ақпараттық жүйелерді жасау, енгізу және сүйемелдеу жөнінде бірыңғай нормативтерді бекіту ұсынылды. Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттікке ақпараттандыру стандарттарын әзірлеп енгізудің қажеттігі көрсетілді», делінген баспасөз парағында.