«Зерде» қорында Электронды үкімет серверін жаңартуға мүмкіндігі болған – Бағат Мусин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэороғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Электронды үкіметтің сервері жылдар бойы жаңартылмауына қатысты пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зерде» қорында Электронды үкімет серверін жаңартуға мүмкіндігі болған – Бағат Мусин

«Электронды үкіметтің серверлік орталығының инфрақұрылымы 2010 жылдар құрылған болатын. Яғни, 2010, 2012, 2014 жылдары мен осы министрлікте жұмыс істеп жүргенде серверлік орталық құру жұмыстарын бастаған болатынбыз. 2008 жылдан басталып, 2010 жылы аяқталған.

Қазір Электронды үкіметтің серверлік орталығының инфрақұрылымы шынымен де, тозығы жетіп тұр. 2016-2018 жылдары осы инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі туындағанда деректерді өңдейтін коммерциялық құрылымдармен әріптестік орнату қажет деген шешім қабылданған еді. Яғни, «Зерденің» де, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының да аталған деректерді өңдеуші коммерциялық ұйымдарды жұмысқа тартып, олармен дұрыс өзара байланыс орнатып, қажетті сервер ресурстарын қамтамасыз етуге бүкіл мүмкіндігі болған», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Ведомство басшысының айтуынша, Цифрлық даму министрлігі Электронды үкіметтің жұмысына не әсер ететінін зерделеп шыққан көрінеді.

«Аталған инфрақұрылымды жаңарту үшін жоспарлар қабылдадық. Тағы да айтамын, бүгінде заңнама деректерді өңдейтін коммерциялық ұйымдармен әріптестік орнатуға рұқсат бар. Мысалы, «Транстелекомның» деректерді өңдеу орталығының 50 пайызы бос тұр. Осы сияқты жұмысқа тартуға болатын орталықтар жеткілікті. Яғни, Электронды үкіметтің жұмысын мүлтіксіз қамтамасыз етуге болатын еді. Бұл проблеманы шешудің жолдары бар және баяғыдан, 2-5 жыл бұрын болған», - деді Бағдат Мусин.