Зерендіде ашық аспан астындағы «ыстық» бассейн салынбақ

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қазіргі заманға сай жабдықталған қонақүй кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Зерендіде ашық аспан астындағы «ыстық» бассейн салынбақ

Зеренді көлінің жағасында орналасқан қазіргі заманға лайықталып салынған екі қабатты ғимаратта туристердің демалуына барлық жағдай жасалған. Туристік нысанның ашылуын аудандағы шағын және орта бизнесті өрістеуге қолдау білдірудің жарқын көрінісі деп түсінуге болады.

«Зеренді парк» кешенінің иесі Исатай Аңсатовтың айтуынша, демалыс орнында 11 қонақүй бөлмесі, алпыс орындық асхана және шыныдан жасалған жазғы шағын бес үй бар. Демалушылар үшін футбол, жаттығу және балалар алаңы қарастырылған. Алдағы уақытта техникалық спорт түрлері бойынша кешенді, жыл бойы пайдаланылатын ашық аспан астындағы «ыстық» бассейінді салу жоспарда бар.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөзінде Зеренді облысымыздағы туризм дамыған өңірлердің алдыңғы легінде екенін айтып өтті. Сондай-ақ «Зеренді парк» қонақүй кешенін ашудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар өңірде туризмді дамыту мәселелеріне тоқталып, атқарылып отырған жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

«Елбасы Ақмола облысының туристік əлеуетін ескере отырып, өңірде туризмді дамытуға қатысты нақтылы міндеттер жүктеген болатын. Өңірде Бурабайдан басқа Зеренді ауданында да туризм қарқынды дамуда. Өзен-көлдерімен, əсем табиғатымен танымал Зеренді туристер мен демалушылар үшін  таптырмас мекен. Бүгін есігін айқара ашып отырған нысан  - осы игі істердің бір белесі.  Бұл жай ғана кешен емес, көпфункционалды нысан. Мұнда демалушылар  үшін барлық жағдай жасалған. Осы сəтті пайдалана отырып, осындай игі істермен айналысып, елді мекендердің əлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғыс білдіремін", деді Мəлік Мырзалин өз сөзінде.

Сонымен қатар, шараға арнайы келген қоғам қайраткері Мұрат Əбенов құттықтау лебізін білдірді.

Фото: russianexpress.net