Зерендіде қатты жел тұрып, 8 тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы Зеренді ауданының Ақадыр ауылында қатты жел тұрып, 8 үйдің шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Зеренді ауданының Ақадыр ауылында екпіні 23 м/с дейінгі қатты жел салдарынан жалпы ауданы 300 шаршы метр болатын 8 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара бұзылды», - деп хабарлады Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінен.

Ақадыр, Ұялы, Еңбек-Бірлік ауылдарында электр беру желілері үзіліп, 247 абонентті электрмен жабдықтау тоқтатылды. Оқиға орнында «Қуат энергопартнер» ЖШС бригадасы, 1 техника және 5 адам жұмылдырылды. Адамдар аман.

«Қазіргі уақытта елді мекендерде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың арнайы комиссиясы желден зардап шеккен жеке тұрғын үйлердің иелеріне келтірілген залалды өтеу бойынша шешім қабылдайды», – деп атап өтті облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына дауыл кезінде келесідей тәртіп ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді:

- Үйге құлап кетпес үшін қураған ағаштарды және ағаш бұтақтарын алдын ала кесіп тастаңыз;

- Барлық құрылыстарды, әсіресе уақытша үйлерді жерге мықтап бекітіңіз;

- Дауыл кесірінен отбасы мүшелері әр түрлі жерлерде қалып қалса немесе үйі қирап қалса, бүкіл отбасы үшін кездесу орнын белгілеңіз;

- Егер үйде болсаңыз, терезе әйнектерін көлденең немесе жұлдыз тәрізді бекітілген жабысқақ таспамен күшейтіңіз. Жел немесе су алып кетуі мүмкін барлық заттар мен жиһаздарды үйге кіргізіңіз, малды қауіпсіз жерге айдап, сол жерге жем мен су қалдырыңыз.


Соңғы жаңалықтар