Зерендіде Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданында даңқты спортшы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған футболдан 2-ші халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі күнге созылған турнирдің жабылуы рәсімінде аймақ басшысы Ермек Маржықпаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, есімі республикамызға танымал Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған турнирдің өңірде жас спорт саңлақтарын тәбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті. Ол Ақмола облысында спортты дамытуда үлкен жұмыстар атқаралып жатқанына тоқталды. Мамандандырылған мектептерде 17 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Алты ауданда қазіргі заманғы дене шынықтыру және спорт кешендері ашылды. Астрахан ауданында дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы аяқталса, Ерейментау және Біржан сал аудандарында басталды.
«Біздің облыс көптеген халықаралық, республикалық жарыстарды өткізудің орталығына айналды. Спорттағы басты бағыттардың бірі, жасөсіпірімдер мен балалардың арасында қызығушылық артып келе жатқан футболды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда, футболды дамытуда өңірде қатарынан 20 жыл өткізіліп келе жатқан Тимур Сегізбаев атындағы халықаралық турнирдің үлесі зор. Оның есімі қазақстандық футбол тарихына алтын әріппен жазылған», деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Әкім жас былғары доп шеберлеріне Қазақстан құрамасы сапында 19 жыл өнер көрсеткен даңқты спортшы сияқты жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.
«Бүгінгі жарысқа Тимур Санжарұлының шәкірті, Алматының «Қайрат» командасында 300-ден астам ойын өткізген Қазақстан футболының мақтанышы Сейілдә Байшақовтың қатысуы қуанытып отыр», дей келе, аймақ басшысы оған естелік сыйлық тапсырды.
Турнирге Зеренді ауданы мен Омбы, Ташкент, Астана, Көкшетау, Екібастұз, Қарағанды, Ақтөбе және Тараз қалаларынан келген 2005, 2006 және 2007 жылы туған жасөспірімдерден құралған 20-дан астам команда қатысып, бақ сынады. 2007 жылғы жасөспірімдер арасында чемпиондық атаққа 8 команда таласса, 2005-2006 жылғы жасөспірімдерден құралған 12 команда екі топқа бөлініп, сайысқа түсті. 2005-2006 жылғылар арасында ақтөбеліктер бірінші орын еншілесе, 2007 жылғылар арасында Көкшетаудың «Энергетик» командасы жеңімпаз атанды.