Зеренділік жастар Елбасы Жолдауына қолдау білдірді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Зеренді ауданының активі Елбасы Жолдауын талқылады. Аудандық мәдениет үйінде өткен актив жиналысына аудан әкімі Мереке Мұстафин, аудандық мәслихаттың депутаттары, округ әкімдері, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, еңбек ұжымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында аудан басшысы Жолдаудың басым бағыттарын атап көрсетіп, өңірлік дамудың болжамды нәтижесін баяндады. Сондай-ақ, аудан экономикасының тұрақты өсіп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазірдің өзінде ауданда бірнеше ірі жоба іске асырылуда.
«Мемлекет басшысы әр Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Елдің келешегі жастардың қолында екенін ұдайы айтып отырады. 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануы тектен тек емес. Бұл жағымды жаңалықты зеренділік жастар да қуанышпен қабылдады. Өйткені, Елбасының бастамаларын жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор», деді аудан әкімі Мереке Мұстафин.
Сонымен қатар, жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Уайысов, жастар ресурстық орталығының басшысы Жәзира Қазбаева, «Химик» ЖШС директоры Иван Поздняков және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Балжан Бікебаеваның да пікірлері тыңдалды.
«Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін бірқатар бөлім, мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Бағдарламалық құжатқа ден қойып, әрбір аудан тұрғынына жеткізу, орындау бәріміздің азаматтық парызымыз,-деді актив жиынын қорытындылаған Мереке Мұстафин.