Зергерлік дүкенді тонаған азамат трактормен қашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Канадалық Блэкфалдс қалашығында криминалдық күлкілі оқиға орын алды.

Зергерлік дүкенді тонаған азамат трактормен қашты

Тұрғылықты жері жоқ 25 жасар Джесси Сеска жергілікті зергерлік дүкенді тонап, сонымен қатар ондағы мылтықты да қоса алып кеткен. Бұдан кейін ол жергілікті тұрғынның қарда жүргіш көлігін айдап кетіп, фермерлік алқаптардың арасында жасырынуға әреттенген.

Алайда бұл көлік қарға малтығып қалғаннан соң, Сеска таяу маңда орналасқан фермадан жол талғамайтын автомобильді мініп кетеді. Бірақ, бұл көлік те көпке ұзамай батып қалған көрінеді.

Сеска қалың қарды кешіп, келесі фермаға жеткеннен кейін фермерлік трактормен қашуға кіріседі. 45 минутқа созылған қуғыннан кейін оны құрықтауға мүмкін болды.

Белгілі болғандай, Джесси Сеска тракторды басқарудың мән-жайын дұрыс білмеуі салдарынан қолға түскен. Бұл техниканы мініп кетер алдында трактордың жүк тиегіш құрылғысы жоғары қарай көтеріліп тұрған екен және ол оны төмен түсіре алмаған. Нәтижесінде, ойлы-шұңқырлы жерлердің бірінде трактор тепе-теңдікті жоғалтып, аударылған.

Қарақшылығы мен үш көлікті айдап кеткені үшін оған тиісті баптар бойынша айып тағылды.