Зерттеу университеттері болашақта ғылыми элитаның шоғыры болмақ - Х. Уәлиев
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Зерттеу университеттері болашақта ғылыми элитаның шоғыры болмақ. Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Ғылым туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Хұсайын Уәлиев осылай мәлім етті.
«Заңда қамтылған зерттеу университеттері - біздің қоғамымыз үшін жаңа құбылыс. Болашақта бұл университеттер ғылыми элитаның негізгі шоғыры болмақ. Мемлекетіміз стратегиялық мақсатында индустриялық инновациялық секторды дамытуға баса мән беріп келеді. Сондықтан да, қабылданған заң ғылымды, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландырудың құрылымын әрі басымдығын қайта қарауға бағытталып отыр. Жұмсалатын шығыстардың теңгерімділігі мен тиімділігі Ұлттық ғылыми орталық арқылы тексеріліп отырады. Бұнымен қоса, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің жалақысын қосымша арттыру мүмкіндігі пайда болады», - деді Х. Уәлиев.
Оның айтуынша, заң жобасы жеке ғылыми секторды қолдауға да бағытталып отыр. Әлемдік тәжірибеде бұл салаға зерттеу және практикалық жұмыстардың 70-90 пайызы тиесілі.
«Менің ұсынысым бар. Шетелде аспирантура мен докторантураның ішкі бөлімінде білім алатын жастарды оқытуды қысқартпау керек», - деді сенатор өз сөзінде.