17:56, 02 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Зейнет жасындағы қызметкермен жыл сайын еңбек шартын ұзартып отыру құқығы беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Зейнет жасындағы қызметкермен жыл сайын еңбек шартын ұзартып отыру құқығы беріледі. Бұл туралы бүгін Астанада жаңа Еңбек кодексін түсіндіруге байланысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

«Бізде қазіргі кезде қолданыстағы Еңбек кодексі бойынша қызметкер зейнет жасына жеткенде онымен еңбек шартын бұзуға болады, бірақ бұл норма тек мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге тарап отыр. Жаңа Еңбек кодексі бойынша осындай тәртіпті жеке секторға да таратуды ұсынып отырмыз. Адам зейнет жасына жеткенде оны жұмыстан шығару міндетті емес. Бұл тұрғыда жұмыс берушіге қызметкердің біліктілігі мен қажеттілігін, денсаулық жағдайын ескере отырып, жыл сайын зейнет жасындағы қызметкерлермен жыл сайын еңбек шартын созып отыру құқығы беріледі», - деді министрдің орынбасары.