Зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені инфрақұрылымға бағыттау: Энергетика министрінің пікірі

инвестиция
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені инфрақұрылымға инвестициялау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бүкіл әлемде энергетикаға инвестиция салу өте сенімді инвестиция ретінде қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекет бағаны реттей алады. Сондай-ақ бізде төлемдерге қатысты тәртіп жоғары деңгейде екенін ескеру керек. Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытудың ауқымды бағдарламасы бар, сондықтан осы бағытта да тікелей шетелдік инвестиция болады. Яғни, энергетика саласы өсіп, бұл сала дамып, инвестициялық тұрғыда тартымды болады. Бұл – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Зейнетақы қоры бұл қаржыны энергетикалық жобаларға салуға шешім қабылдаса, бұл сенімді жобалар болады деп ойлаймын», – деді А. Сәтқалиев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Министр егер БЖЗҚ-дан қарыз бөлінген жағдайда Үкімет қаражаттың қайтарылуы мен тиімділігін бақылай алатынын айтты.

«Жалпы, энергетика саласына инвестиция ретінде қажет қаражат 5 трлн теңгеден асып түседі. Бүгін 1,5 трлн теңге бөлінуі ықтимал екені айтылып жатқанын ескерсек, бұл қаражат қандай да бір шұғыл тәртіпте жүзеге асырылатын жобаларға бағытталуы мүмкін деп санаймын. Мен 1,5 трлн теңге туралы ақпаратты бүгін ғана естідім. Бұл қадамды энергетика саласына бағытталған тиімділігі жоғары инвестиция ретінде қолдаймын», – деді министр.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарынан 1,5 триллион теңге инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы мүмкін екені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар