Зейнетақы қорының 1,5 трлн теңгесі қандай жобаларға жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров зейнетақы қорының қанша қаражаты қандай экономикалық жобаларға жұмсалатынын айтып берді.

Сенатор зейнетақы жинағын төлеу кезіндегі салықты жоюды ұсынды
Фото: gov.kz

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керегін айтқан еді.

«Зейнетақы қорындағы қаражат қандай экономикалық жобаларға жұмсалады? Оған қандай кепілдік беріледі? Қазақстандықтар зейнетақысыз қалып қоймай ма?», - деп сұрақ қойды тілшілер Үкіметте өткен брифингте.

«Қазір Ұлттық банк осы қордың басқарушысы ретінде сол қордың инвестициялық бағыттарын айқындайды. Яғни, қандай құралдарды инвестициялау керегіне, одан түсетін табысқа, табыс тұрақтылығы немесе салымдардың сақталуына басымдық беріледі. Біз Үкімет деңгейінде осы белгіленген инвестицияларды қай салаға жіберу керегіне жауаптымыз. Яғни қазіргі уақытта екі үлкен ұлттық холдинг бар – «Бәйтерек» және «Самұрық қазына», солардың инвестициялық жобаларын қарастырып жатырмыз. Яғни ол екі холдинг Ұлттық банк үшін кредиттік сенімділігі жағынан жоғары қарыз алушы болып саналады. Сондықтан онда салынған ақшалар кепілді түрде нарықтық табыспен қайтарылып отырады», - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта зейнетақы қорынан 1-1,5 трлн теңге алу жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысы айтқандай, бұл қаражатты экономиканы дамытуға, экономиканың инфрақұрылымын дамытуға, өңдеуші өнеркәсіптерді дамытуға жұмсаймыз деген жоспарымыз бар», - деді Н. Байбазаров.

Сонымен бірге, бұл сұраққа Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да жауап берді.

«Жалпы еліміздің Әлеуметтік кодексінде зейнетақы жинақтары мемлекет тарапынан кепілдендірілуі керек деген норма бар. Сондықтан мемлекет барлық уақытта қаражатты кепілдендіріп отырады. Президент те бүгін қор қаражатын тиімді пайдалануды, берілетін қаражат кепілдендірілетінін, тіпті қажет болса субсидиялауды да айтты. Яғни әрбір азаматтың Бірыңғай жинақтаушы қорға аударған, инвестицияға жіберген қаржысы толық түрде кепілдендірілуі керек», - деді Т. Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар