Зейнетақы шоттарында инвестициялық табыс неге төмендеді – Ұлттық банк түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов зейнетақы шоттарында инвестициялық табыстың төмендеуі себебін түсіндірді.

Зейнетақы шоттарында инвестициялық табыс неге төмендеді – Ұлттық банк түсінік берді
Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі

— 2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқады. Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан орын болды. Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі — инфляция мен инфляциялық болжамдар бойынша көрсеткіштердің өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарықтағы құнын төмендетті. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тарапынан осы бағалы қағаздар көп ұсынылғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер етті, — деді Нұржан Тұрсынханов елордада зейнетақы активтерін инвестициялау тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық табысқа АҚШ долларына қатысты теңге бағамның құбылмалылығы да әсер етті. 2025 жылдың басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңгеге бағаланды.

— Осы жерде атап өтерлігі, теңге нығайған кезде, шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрсетілген мәнде шығын ретінде көрініс табады. Жыл басынан бері тіркелген теріс инвестициялық табыс — есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл — активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді. Мәселен, алдын ала мәліметтерге сәйкес, сәуір айының тек алғашқы аптасында ғана теңге бағамының құбылмалылығы мен сыртқы нарықтардағы өзгерістердің нәтижесінде инвестициялық табыс көлемі шамамен 400 млрд теңге болды. Бұл өз кезегінде қаңтар–наурыз айларындағы теріс инвестициялық табысты айтарлықтай өтеуге мүмкіндік берді, — деді департамент директоры.

Оның айтуынша, 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілік көрсеткішінің қысқамерзімді ауытқуларына қарамастан, алдын ала мәліметтер бойынша есептелген инвестициялық табыс көлемі шамамен 2,4 трлн теңге болды. Осы кезеңдегі кірістілік 11,99% болса, 2025 жылғы ақпан айының соңындағы инфляция 10% деңгейінде қалыптасты. Ал, 2024 жылдың қорытындысы бойынша табыс 17,84% болып, инвестициялық табыс көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Бұл кезеңде инфляция 8,6% болды. Осылайша, салымшылар үшін 9,24% мөлшерінде нақты табыс қамтамасыз етілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2014 жылдан бері зейнетақы активтері 5 еседен аса өсті.

 

Соңғы жаңалықтар