Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру: 15 күнде 40 мыңға жуық өтініш түскен
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар 7-22 қыркүйек аралығында БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру туралы 39,9 мыңға жуық өтініш берген. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Kazinform сауалына берген жауабында айтқан.
Айта кету керек, 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағын 100 пайызға дейін жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі іске қосылды. БЖЗҚ мәліметіне сүйенсек, алғашқы 15 күннің ішінде түскен өтініштерде басқаруға берілетін қаражаттың жалпы көлемі шамамен 69,1 млрд теңге болған.
Мұнда өтініштер саны мен өтініш берген салымшылардың саны бірдей емес. БЖЗҚ кестесінде 35 016 өтініш беруші көрсетілген. Басқаша айтсақ, бір салымшы инвестициялық портфелін бірнеше басқарушыға әртараптандырып орналастырған деуге болады.
Өтініштер арасында сұралған қаражат көлемі бойынша ең жоғары үлес «Сентрас Секьюритиз» АҚ-ға тиесілі болды. Жалпы сомасы 26,52 млрд теңге аударуды сұраған 12 821 өтініш түскен.
Halyk Finance-ке 11 278 өтініш бойынша 18,35 млрд теңге, Alatau City Invest-ке 7 189 өтініш бойынша 10,88 млрд теңге, BCC Invest-ке 7 140 өтініш бойынша 11,99 млрд теңге сұралған. Tansar Capital-ға 1 441 өтініш түсіп, сұралған қаражат көлемі 1,34 млрд теңге болды.
БЖЗҚ қаражатты өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударады. Сондықтан аталған 69,1 млрд теңге – нақты аударылған қаражат емес, салымшылардың өтініштерінде көрсетілген сома.
БЖЗҚ-дағылар орындалған өтініштер мен нақты аударылған қаражат туралы статистика кейін белгілі болатынын атап өтті.
Бұған дейін БЖЗҚ жинағын түгел жеке басқарушыларға бергісі келетін қазақстандықтар нені білу керек екенін жазған едік.