Зейнетақы жинағын сенімгерлікке беру: алғашқы 15 күнде қазақстандықтардың таңдауы қалай ауысты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру тәртібі өзгергеннен кейін алғашқы күндердің өзінде ондаған мың өтініш түсті. 7-22 қыркүйек аралығында салымшылар 69,1 млрд теңгені жеке басқаруға беруді сұраған. Оның ішінде 28,2 млрд теңгені толықтай ИПБ-ге аудару сұратылған. Бұл сандар халықтың жаңа мүмкіндікті қаншалықты белсенді пайдаланғанын көрсеткенімен, әзірге ИПБ-лердің нақты қанша қаражатты сенімгерлік басқаруға алғанын білдірмейді.
40 мыңға жуық өтініш
БЖЗҚ-ның Kazinform сауалына берген жауабында 7-22 қыркүйек аралығында 39 869 өтініш қабылданғаны көрсетілген. Өтініштерде көрсетілген зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 69,069 млрд теңге болған. Бұл ретте өтініш берген адамдардың саны 35 016 адам. Яғни өтініш саны салымшылар санынан көп. Демек, кейбір салымшылар бір реттен артық өтініш берген.
Қарапайым есеппен алғанда, бір өтінішке шамамен 1,73 млн теңге сұралған. Ал өтініш берген 35 мыңнан астам адамның әрқайсысына шаққанда шамамен 1,97 млн теңгеден келеді. Солардың ішінде мақұлданған сомаларды жан басына шақса, 1-22 қыркүйек күндері Ұлттық банктен ИПБ-лерге орта есеппен 1,2 млн теңгеден ақша аударылған.
Өтініш иелерінің төрттен бірі жинағын Ұлттық банктен әкеткісі келген
10,5 мыңға жуық өтініште салымшылар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке басқарушыға беруді сұраған. Бұл барлық өтініштің шамамен 26,3 пайызы. Ал осы өтініштерде көрсетілген 28,2 млрд теңге жалпы сұралған 69,07 млрд теңгенің 40,8 пайызына тең.
Яғни ИПБ-ға берілген өтініштердің әр төртіншісіне жуық бөлігі жинақтың бір бөлігін емес, толық сомасын басқарушыға беруді ойлаған.
Бұл қаражаттың бәрі қазір ИПБ-лардың басқаруында деген сөз емес. БЖЗҚ өтініш түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қаражатты аударуды жүзеге асырады. Сондықтан 69,07 млрд теңге – нақты аударылған ақша емес, салымшылардың өтініштерінде көрсетілген сома.
Қай ИПБ-ны көбірек таңдады?
Өтініштер саны бойынша «Сентрас Секьюритиз» алда тұр. Компанияға 12 821 өтініш түскен, сұралған жалпы сома – 26,52 млрд теңге. Бұл барлық өтініштің 32,16 пайызына, ал сұралған қаражаттың 38,4 пайызына тең.
Halyk Finance-ке 11 278 өтініш беріліп, 18,35 млрд теңге сұралған. Оның үлесі өтініштер бойынша 28,29 пайыз, ақша көлемі бойынша 26,56 пайыз болды.
Alatau City Invest бойынша 7 189 өтініште 10,88 млрд теңге, BCC Invest бойынша 7 140 өтініште 11,99 млрд теңге көрсетілген. Tansar Capital-ға 1 441 өтініш түсіп, 1,34 млрд теңге аудару сұралған.
BCC Invest мысалында өтініш саны мен ақша көлемінің арақатынасы өзгеше көрінеді: оған Alatau City Invest-тен аз өтініш түскенімен, сұралған ақша көлемі жоғары. BCC Invest бойынша 11,99 млрд теңге сұралса, Alatau City Invest бойынша бұл көрсеткіш 10,88 млрд теңге болды.
.
Нақты аударымдар қалай өзгерді?
1-22 қыркүйекте Ұлттық банктен ИПБ-ларға 19,425 млрд теңге аударылған. Басқаша айтсақ, 15 289 бірегей салымшының жинағына 16 664 аударым жасалған.
Салыстырсақ, тамыздың 31 күнінде ИПБ-ларға Ұлттық банктен 11,409 млрд теңге аударылған. Сол кезде 12 912 аударым жасалып, 12 215 бірегей салымшы қамтылған. Ал қыркүйектің алғашқы 22 күнінде аударылған ақша тамыздың толық айындағыдан 8,016 млрд теңге немесе 70,3 пайыз көп болды. Аударым саны 29,1 пайызға, бірегей салымшылар саны 25,2 пайызға артты.
Қыркүйекте аударылған 19,425 млрд теңгенің бәрі осы айда түскен өтініштер бойынша берілген ақша емес. БЖЗҚ өтінішті орындауға 30 күнге дейін уақыт беретіндіктен, қыркүйектегі аударымдардың ішінде бұған дейін берілген өтініштер де болуы мүмкін.
Аударылған ақша қайда кетті?
1-22 қыркүйектегі нақты аударым көлемі бойынша «Сентрас Секьюритиз» 6,172 млрд теңгемен бірінші орында. Halyk Finance-ке 6,003 млрд теңге аударылған.
Alatau City Invest 3,376 млрд теңге, BCC Invest 3,438 млрд теңге, Tansar Capital 435,9 млн теңге алған. Барлығы – 19,425 млрд теңге.
Әзірге не белгілі?
Алғашқы екі аптадағы сұраныс едәуір болғаны көрінеді: 39 869 өтініште 69,07 млрд теңге көрсетілген. Оның 28,2 млрд теңгесі жинағын толықтай ИПБ-ға беру туралы шешім қабылдаған.
Бірақ бұл көрсеткіштерге қарап, салымшылардың жаппай ИПБ-ларға көшкенін айтуға әлі ерте. БЖЗҚ-ның өзі де алғашқы кезеңдегі өтініштерді бұрынғы көрсеткіштермен салыстырып, қорытынды жасауға ерте екенін атап өткен. Себебі өтінішті орындауға 30 күнге дейін уақыт беріледі.
Қазір анық көрініп тұрғаны – салымшылардың бір бөлігі зейнетақы жинағын басқаруды ИПБ-ларға сеніп тапсыруға дайын. Олардың арасында жинақтың бір бөлігін ғана емес, барлық қаражатын бергісі келетіндер де бар.
БЖЗҚ-ның өз платформасында да ИПБ-лардың стратегиясы мен портфель құрылымын салыстыруға болады.
Бесеудің бәсекесі
БЖЗҚ-ның жіктеуінде Halyk Finance, «Сентрас Секьюритиз» және BCC Invest – консервативті, ал Alatau City Invest пен Tansar Capital – қалыпты портфель ұсынады. Бұл айырмашылық олардың зейнетақы ақшасын қандай құралдарға салғанынан да көрініп тұр.
Halyk Finance – актив көлемі бойынша ең ірісі. 1 қыркүйекте оның басқаруында 77,64 млрд теңге болды. Портфельдің 19,63%-ы Қазақстан банктерінің облигацияларына, 16,36%-ы квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына, 11,20%-ы қазақстандық компаниялардың корпоративтік облигацияларына салынған. Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесі – 9,79%. Акциялар мен депозитарлық қолхаттарға 11,04%, акцияларға инвестициялайтын қорларға 9,07% тиесілі. Соңғы 12 айдағы кірістілігі 11,82% болды. Яғни бұл портфельде облигациялар негізгі орында тұрғанымен, акциялар мен басқа нарықтық құралдарға да елеулі орын берілген.
BCC Invest басқаруындағы зейнетақы активтері 19,60 млрд теңге болды. Мұнда мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 28,55%. Квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары 20,44%, банктердің облигациялары 17,76%, қазақстандық компаниялардың корпоративтік облигациялары 9,37% болды. Акциялар мен депозитарлық қолхаттарға 8,34%, акцияларға инвестиция салатын қорларға (ETF қорлар) 6,24% бөлінген. Соңғы 12 айдағы кірістілік 10,95% болды. Демек, BCC Invest портфелінің негізгі бөлігі облигациялар мен мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі.
1 қыркүйекке дейін «Сентрас Секьюритиз» басқаруындағы қаражат 22,60 млрд теңге болды. Оның портфелінде облигациялар басым: банктердің облигацияларына 26,85%, қазақстандық компаниялардың корпоративтік облигацияларына 16,31%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына 12,57% салынған. Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары 7,21%, АҚШ мемлекеттік облигациялары 8,53% болды. Акциялар мен депозитарлық қолхаттардың үлесі – Қазақстанда 4,52%, шетелде 5,14%. Соңғы 12 айдағы кірістілігі 17,05% болды. Яғни ресми санаты консервативті болғанымен, осы кезеңдегі кірістілігі бес ИПБ арасында ең жоғары болды.
Alatau City Invest – қалыпты портфельдегі басқарушы. Оның басқаруындағы зейнетақы активтері (1 қыркйектегі жағдай бойынша) 24,12 млрд теңге болды. Портфельдің 29,19%-ы ETF қорлардың үлесіне тиесілі, Қазақстан компанияларының акциялары мен депозитарлық қолхаттары тағы 14,80% алады. Банктердің облигациялары – 10,88%, Қазақстан компанияларының корпоративтік облигациялары – 6,46%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 4,64%. Мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 9,36% болды. Соңғы 12 айдағы кірістілік 13,91%. Сондықтан Alatau City Invest портфелінде акциялардың үлесі BCC Invest пен «Сентрас Секьюритизге» қарағанда жоғары.
Tansar Capital – бес компанияның ішіндегі ең шағын басқарушы. 1 қыркүйекте оның басқаруында небәрі 740 млн теңге болды. Портфельдің 52,95%-ы ETF қорларға, 15,67%-ы Қазақстан ұйымдарының акциялары мен депозитарлық қолхаттарына бөлінген. Репо операцияларының үлесі 16,02%, ал Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары 11,05% болды. Бұл компания зейнетақы активтерін басқаруды 2026 жылғы 8 сәуірде бастаған. Сондықтан оның «соңғы 12 айдағы» көрсеткіші жоқ: басқаруды бастағаннан бергі кірістілігі 2,43%.
Портфельдерге акциялар мен облигациялардың арақатынасы арқылы қарасақ, айырмашылық одан да анық көрінеді. Alatau City Invest пен Tansar Capital-де акцияларға байланысты құралдардың үлесі жоғары. Ал BCC Invest, Halyk Finance және «Сентрас Секьюритиз» облигацияларға көбірек сүйенеді. Мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі BCC Invest-те 28,55%, Tansar Capital-де 11,05%, Alatau City Invest-те 9,36%, Halyk Finance-те 9,79%, «Сентрас Секьюритизде» 7,21% болды.