Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі неге жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану және оның ең төменгі жеткілікті шегі жөнінде пікір білдірді.
— Зейнетақы жинақтарын қолданамыз деп, болашақта, зейнеткерлік жасқа келген кезде лайықты зейнетақыны қамтамасыз етпей, қазір бәрін жұмсап тастау дұрыс емес. Бұған дейін осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біраз азамат тұрғын үй жағдайын жақсартты, денсаулығындағы сырқаттарды емдеді. Әрине, әр азамат өзінің таңдаған мақсатына қолданды. Қателесіп, дұрыс қолданбаған адамдардың сұрақтары да туындап жатыр. Ол — әр азаматтың өзінің жауапкершілігі, — деді ол.
Сонымен бірге, БЖЗҚ басшысы зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі не себепті көтерілгенін түсіндірді.
— Ең төменгі жеткілікті шек азаматтарға болашақта лайықты зейнетақы қамтамасыз ету мақсатында қайта қаралды. Бүкіл дүние жүзіндегі зейнетақы жүйесінің талабы, мақсаты — бір. Ол еңбек жолы аяқталып, зейнеткерлік жасына толған кезде азаматтардың ары қарайғы өмірін қамтамасыз ету керек. Өздеріңіз білесіздер, дүние жүзінде де, Қазақстанда да зейнетке толғаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы өсіп келе жатыр. Бүгінде азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жастан асты. Бұл көрсеткіш соңғы 30 жылда 8,5 жылдан астам деңгейге жоғарылады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақыны қамтамасыз ету — әр азаматтың да, мемлекеттің де мақсаты. Осығай орай, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры жаңа қабылданған әдістеме бойынша, жаңа ең төменгі жеткілікті шектің сомасын санап, жариялады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін зейнетақы жинағының 2026 жылғы ең төменгі жеткілікті шегі жарияланғанын жазғанбыз.