Зейнетақы жүйесін депозит ретінде қарастыруға болмайды — Ұлттық банк төрағасы


АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегінің көтерілуіне қатысты пікір айтты.

тимур сүлейменов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Зейнетақы жинағы бірінші кезекті жастарға, жұмыс істеуге қауқырлы адамдарға зейнетке шыққанға дейін қаражат жинауға арналған. Себебі зейнетке шыққан кезде, адамдарда басқа табыс көзі болмауы мүмкін. Сондықтан зейнетақы жинағы осы мәселені ескере отырып жасақталып отыр. Зейнетақы жүйесін депозит ретінде қарастыруға болмайды. Зейнетақы шоты — ол кез келген адамды зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету тетігі, болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, бұл жүйе не үшін құрылғанын ұмытпау керек, — деді Т. Сүлейменов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол елімізде бірнеше жылдан бері зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі берілгенін еске салды.

— 2021 жылы осы идея ұсынылған кезде, бұл мәселе екі факторға байланысты жүзеге асты. Біріншіден, халық коронавирус індетінен кейінгі қиын жағдайдан шығуы үшін тиісті ынталандыру тетігі керек болды. Бұл ретте тұрғын үй жағдайын жақсарту, экономикалық белсендікті қалпына келтіру бағыттары назарға алынды, — деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, жақында БЖЗҚ есептеудің жаңартылған әдістемесін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының 2026 жылғы ең төменгі жеткілікті шегін жариялады.