Зейнетақы жүйесін реформалаудың қандай моделі қабылданады - министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқа ведомстволармен бірлесіп, зейнетақы жүйесін реформалаудың екі моделін қарастырып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным Үкіметке шілде айының басында ұсынылмақ.

Асқарбек Ертаев
Фото: ҚР Үкіметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жұмыс тобы маусым айының соңына дейін Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Үкіметке екі модельдің қайсысын ұсынатынын анықтауы тиіс.

Ұсынылып отырған нұсқалардың бірі – «4+1» моделі. Бұл модель бойынша жұмыс берушінің қосымша міндетті зейнетақы жарналарының 4 пайызы қызметкердің жеке жинақтаушы зейнетақы шотына, ал 1 пайызы ортақ сақтандыру қорына аударылады.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балама нұсқа ұсынып отыр. Бұл жағдайда барлық қосымша жарна ортақ қорға жинақталып, кейіннен төлем алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлінеді.

- Бұл талқылаулар әлі де жалғасып, жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Осы айдың соңына дейін қай жобаны таңдайтынымызды нақтылауымыз қажет. Ал шілде айының басында Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен ортақ ұстанымды Үкіметке енгіземіз, — деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Ол қазіргі уақытта жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарын 3,5 пайыз мөлшерлемемен аударып жатқанын еске салды. Болашақта бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Осы ретте министр бұл мәселеге қатысты өзінің жеке пікірін де білдірді.

— Әртүрлі көзқарас бар. Жеке өзім «4+1» моделін қолдаймын. Себебі бұл жоба дұрыс әрі тиімді көрінеді. Сонымен қатар сақтандыру зейнетақысын да қолдаймын. Сондықтан ай соңына дейін талқылау жалғасады. Келесі айдың басында қай нұсқаны таңдағанымды және оның артықшылықтарын түсіндіре аламын, — деді ол.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін реформаның нақты моделін таңдап қана қоймай, қажетті заңнамалық түзетулерді де әзірлеу жоспарланып отыр. Алайда, өзгерістерді енгізу мерзімі әзірге нақтыланбаған.

— Бұл мәселе әлі талқыланады. Зейнетақы реформасы келесі жылдан бастап енгізіле ме, әлде екі жылдан кейін жүзеге аса ма — бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ, — деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін зейнетақы жүйесін реформалаудың тұжырымдамалық тәсілдері әзірленетінін жазған едік.