Зейнетақы 7 пайызға өсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2917 теңге мөлшерінде белгіленді. Соған орай зейнетақы, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлемдер, салықтар мен айыппұлдар мөлшері өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зейнетақы 7 пайызға өсті

Атап айтқанда, 2021 жылдың 1 қаңтарынан:

- жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңге;

- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 18 524 теңге;

- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 43 272 теңге болады.

Ал жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш - 2917 теңге мөлшерінде белгіленеді. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы - 34 302 теңге болып бекітіледі.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 1 қаңтардан бастап 7 пайызға көтеріледі.