«Зейнетақы төлемдері туралы не білеміз?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 наурыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында елімізде транзиттік жолдарды жаңғыртып, Еуразия кеңістігінде көліктік-логистикалық хаб орнатуға аса маңыз берді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» тілшісі Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаевты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісіне тұщымды сұхбат берген ол: «Мультимодальды Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құру жобасын дамыту бойынша Қазақстан жоспары Азия мен Еуропа арасындағы тауарлар, адамдар және ақпараттар үздіксіз ағылуына жету үшін маңызы өте зор. Бұл тұрғыда өткен жылдың 21 желтоқсанында Астанада ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімнің стратегиялық рөлі зор. Аталған құжат құрамында сауданы қолдау және дамытудың көлік саласында ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде негізгі көлік байланысын Еуропамен тиімді, қауіпсіз және сенімді жүк тасымалдаудың кең элементтері қаралған. Оған қоса, ол Қазақстан аумағында теміржол инфрақұрылымын құру, экспорттық әлеуетін кеңейту ғана емес, қосымша жұмыс орындарын құруды да мұқият қадағалайды. Қазақстанда теміржол желісінің жоспарлы түрде кеңейтілуін Еуроодақ үлкен қызығушылықпен қадағалайды. Азия мен Еуропа арасындағы аса тығыз байланыс бизнес және жұмыспен қамтуды, барлық мүдделі тараптардың өсуіне және дамуына мүмкіндіктер жасайды», - дейді. Сұхбат газеттің сенбілік санында «Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері» деген тақырыппен берілген.
«Зейнетақы төлемдері туралы не білеміз?» еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» осы тақырыппен жарияланған мақалада зейнетақыға қатысты біраз жайттың басы ашылған. Мәселен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға алынады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары мұраға берілмейді (себебін еске түсірейік, бұл жарналарды жұмыс беруші аударатын болғандықтан қызметкердің жеке меншігі болмайды). Бірақ, қайталап айтамыз, зейнеткер тіпті оның шартты зейнетақы шотындағы қаражаты біткен жағдайда да, зейнетақысын осы бөлшектен өмір бойы алатын болады (жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай бұрын аударылған ЖМЗЖ болуға тиіс).
***
«Каспий теңізінде су перісі өмір сүреді», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Минфин и Русалка» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, ол браконьерлерге шабуыл жасайтын көрінеді. Су перісін шельфте жұмыс істейтін мұнайшылар байқап қалған. Айта кетерлігі Жак-Ив Кусто өмірден озар алдында Каспийге арнайы келіп, табиғаттың осынау тылсым тіршілік иесін іздеген де көрінеді.
Балалық шағын Каспий жағалауындағы Ленкорань қаласында өткізген әзербайжандық ғалым Самед Али оғлы Джафаров 15 жасында атасымен бірге түнгі балыққа шығып, сол кезде балықтардың арасында жүзіп бара жатқан су перісін көріпті. «Самед Али оғлы Джафаров Әзербайжан мен Иранның басқа да ғалымдары бұл жайында айтқандығын, бірақ олар күлкіге қалмау үшін тіс жармайтындығын айтады. Негізінде Иранда Каспийде су перісінің бар екендігіне ешкімде шәк келтірмейді» , - дейді зерттеуші Әділ Қорзабаев.
***
Ақтаулық кәсіпкер тіпті дағдарыс кезінде де қонақ үй бизнесін өрістетіп отыр. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіндегі «Кризис делу не помеха» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Бәрі осыдан 16 жыл бұрын Евгения мен Геннадий Алиевтер өз істерін бастауға шешім қабылданған сәттен өріс алды. Бастапқыда шағын ғимаратты дәмхана үшін жалға алса, кейінірек қонақ үй бизнесімен айналысу идеясы туындапты. «2006 жылы біз «Нұрплаза» жағажайына қарсы жатқан бос жерді сатып алдық. Осыдан кейін банктен несие алдық. Бастапқыда шағын ғана бір ғимарат салдық. Осылайша, «Сәлем» қонақ үй сауықтыру кешені пайда болды», - дейді кәсіпкер.