Зейнетақы жинағын алу: Ең қымбат баспана - 160 миллионға, ең арзаны - 1 миллионға сатылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алудағы ең қымбат және ең арзан келісімшартты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зейнетақы жинағын алу: Ең қымбат баспана - 160 миллионға, ең арзаны - 1 миллионға сатылған

Банк төрағасының айтуынша, 2021 жылы сату және сатып алу мәмілелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда көбірек.

«179 192 мәміле ипотекасыз жасалды, яғни, бұлар - баспананы толығымен сатып алғандар. Мұнда зейнетақы жинағын пайдалану арқылы ең ірі сома – 162 млн 400 мың теңгеге премиум санаттағы тұрғын үй алынған. Ең төмен мәміле құны – миллион теңгеге жуық. Бәлкім бұл ауылдық жерде немесе аудан орталығында тіркелген шығар», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Сондай-ақ зейнетақы жинағын банктегі депозитке аударған соң үш жыл ішінде тұрғын үй заемын рәсімдеу қажет.