Зейнетақы жинағын басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару қалай жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов жинақтарды басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару қадамдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зейнетақы жинағын басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару қалай жүргізіледі

«Азаматтардың жинақтарын басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығы салымшыларға өз жинағын басқаруға қатысуға мүмкіндік береді. Компанияларды таңдауды инвестициялық стратегияларға, олардың инвестициялық басқару нәтижелеріне бағдар жасай отырып, салымшы өз қалауымен жүзеге асырады. Бұл қадамдарды қашықтан БЖЗҚ сайтында жеке кабинет арқылы іске асыры алады», - деді Ж. Құрманов Орталық коммуникациялар қызметінде

Оның айтуынша, БЖЗҚ барлық жарналарды, активтерді, инвестициялық табысты орталықтандырылған есепке алуды жалғастырады. Бұдан басқа, БЖЗҚ қаржы нарығының реттелетін қатысушысы ретінде компаниялармен сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктермен кастодиандық шарттар жасайтын болады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі мен бақылауы жүргізіле береді.

Сонымен қатар Ж. Құрманов БЖЗҚ ақпараттық жүйелердің техникалық дайындығын, олардың уәкілетті органдармен және ұйымдармен интеграциялайтынын айтты. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бойынша бизнес-үдерістер жөніндегі ішкі нормативтік құжаттар дайындалды

«Табысты алмастыру коэффициентін есептеуге қажетті мемлекеттік бюджеттен тағайындалған төлемдер туралы мәліметтер алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен өзара іс-қимыл форматы ұйымдастырылды. Аталған ақпараттық өзара іс-қимыл қолданыстағы интеграция аясында жүзеге асырылатын болады», - деді ол.

Сонымен қатар, Ж. Құрманов уәкілетті оператордан жинақтарды мерзімінен бұрын алуға берілетін өтініштерді қабылдау, тексеру, өңдеу және орындау бойынша барлық функционал белсенді түрде тестілеу сынағынан өткізіліп жатқанын атап өтті.

БЖЗҚ-ның enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте және ұялы қосымшасында салымшы үшін шекті соманы және алуға болатын қаражат мөлшерін көрсету іске асырылды. Осылайша, азаматтар жеке кабинетіне кіріп, жинақтың жалпы сомасын да, алуға болатын қаражат мөлшерін де бірден көре алады. Ол салымшыға өзінің зейнетақы жинағын пайдалану туралы шешімді түбегейлі ойластырып, асықпай қабылдауға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді.

«Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», - деді Ж. Құрманов.