Зейнетақы жинағын пайдалану: 127 мың салымшыдан өтініш түсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар 423 млрд теңгеден астам қаржыны тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалана алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2021 жылдың 15 ақпанындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына уәкілетті операторлардан мерзімінен бұрын төлемдерді жүзеге асыруға мақсатты пайдалану үшін 127 357 салымшының өтініші келіп түсті.
78 074 өтініш орындалды және салымшылар уәкілетті операторларда ашылған өздерінің арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түрінде шамамен 423,7 млрд теңге алды. Төлемдердің орташа сомасы 5,4 млн теңге.
Тағы 45,3 млрд теңгеден астам сомаға 8 636 өтініш төлемдерді жүзеге асыру үшін өңделуде.
40,6 мың өтініш заңнама талабына сай келмегендіктен, қарастырылмайды.
Өтініш саны бойынша әлі де Алматы (19,8%), Нұр-Сұлтан қаласы (16,2%) мен Маңғыстау облысы (15,4% ) алда.
Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.
23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды. Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді.