Зейнетақы жүйесін жаңғырту Қазақстанға Еуропадағы дағдарыстан жалтаруға мүмкіндік береді - елорда тұрғыны
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Зейнетақы жүйесін жаңғырту Қазақстанға Еуропадағы дағдарыстан жалтаруға мүмкіндік береді, деп санайды елорда тұрғыны Айгүл Мырзағұлова.
«Менің пайымымша, кеше Президент зейнетақы жүйесін жаңғыртудың, соған орай әзірленген заң жобасының мәнін нақты түсіндіріп берді. Бұл тақырып соңғы уақытта қазақстандықтар үшін өте «өткір» болғандығы рас. Ата-аналарымыз уақытылы зейнетақы ала алмаған, ал біздер жұмыссыз қол қусырып отырған 90-шы жылдарды бастан кешірдік», - деді А.Мырзағұлова.
Сонымен қатар мұндай жайт енді қайталанбауы тиіс екендігін баса айтқан ол: «Кеше Мемлекет басшысы әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 10 жылдың ішінде 3 триллион теңгеге өсетіндігін атап өткен еді. Ал оның жыл сайынғы мемлекет шығыстарын арттырып жіберетіндігі шындық. Бұл ағымдағы жылы әлеуметтік салаға болжанған шығыстардан 2 есе артық», - деді.